Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тұғыры» атты жас ғалымдар мен студенттердің республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция
Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру аясында, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтылған тәуелсіздік идеясының өзегі болған Алаш арыстарының асыл мұрасы мен есімдерін, ұлттық интеллигенцияның елге қызмет етудің үлгісі болған тарихи ерлік істерін жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында, Қазақстан-Ресей медициналық университеті Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы 23 сәуір 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тұғыры» атты жас ғалымдар мен студенттердің республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференциясын өткізді.
Конференция жұмысы «Отан тарихындағы 30 жыл: Қазақстан Республикасының мемлекеттілігінің қалыптасуы мен нығаюы»; «Алаш тағылымы: жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде ұрпақ тәрбиелеу және білім беру»; «Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның экономикалық, саяси және рухани жаңғыруы» атты бағыттар бойынша ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараға республикамыздың жоғары оқу орындарының магистранттары мен студенттері қатысып, Алаш мұрасы, сондай-ақ конференция жұмысының негізгі бағыттары бойынша өздерінің ғылым жолындағы алғашқы зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Конференция тақырыбына сәйкес, Алаш қайраткерлерінің өмір жолы мен саяси қызметі, ғылыми мұрасын зерделеуге, сонымен қатар ел тарихындағы өзге де айтулы тұлғалар мен бүгінгі қоғамның өзекті мәселелеріне арналған мазмұнды баяндамалар жасалды.
Сонымен қатар, аталған конференцияға ҚР ҰҒА академигі, ҚазҰАЗУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі Әбжанов Ханкелді Махмұтұлы және Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, ҚазҰАЗУ-дің профессоры Салқынбек Досалы Исаханұлы қатысып, білім алушыларды Тәуелсіздігіміздің құндылығы, қазақ халқының еркіндік пен егемендік жолындағы күрескер рухы туралы тарихи деректермен таныстырып, осы негіздегі тарих ғылымының алдында тұрған жаңа міндеттер мен зерттеудің жаңа бағыты, оның методологиясы жайында құнды ойларымен бөлісті.