«16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні» еліміз егемендік алып, күллі дүниеге танылған 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бастап аталып өтетін Тәуелсіз Қазақстанның ең ұлық мерекесі. Бұл күн 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» және 2008 жылғы 25 маусымдағы және 2009 жылғы 22 сәуірдегі заңдармен өзгертулер енгізілген 2001 жылғы желтоқсанның 13-інде «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес атап өтіледі.
Осы орайда, Қазақстан-Ресей медициналық университетінде үстіміздегі жылдың қараша айының екінші жартысы мен желтоқсан айының алғашқы он күндігінде Университеттің барлық мамандықтарының 1-3 курс студенттерімен «16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне» арналған мерекелік онлайн іс-шаралар ұйымдастырылып, тәлімгерлік топтарда куратор сағаттары өткізілді.
Аталған онлайн іс-шараларда Тәуелсіздік жолындағы келешек ұрпақтың мәңгі жадында сақталуы тиіс басынан өткерген қиындықтары мен күреске толы жылнамасына арналған презентациялар жасалды. Еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктері мен бағындырған биіктеріне арналған баяндамалар оқылып, білім алушылардың өздері дайындаған бейнебаяндары, Тәуелсіздігіміздің замандастары жастармен болған сұхбаттар көрсетілді. Тәуелсіздік күніне арналған жырлар оқылып, әндер шырқалды.
Әрбір онлайн шараның соңы Тәуелсіздігіміздің құндылығы, қазақтың тарихы мен еркіндікке деген ұмтылысы, еліміздің егемендік алуы, ел бірлігі мен мемлекетіміздің біртұтастығы айшықталған «Тәуелсіздіктің 7 қыры: Жаңғыру жолы» атты деректі фильмдер желісі, сондай-ақ еліміздің Тәуелсіздігі, территориясының біртұтастығы мен мызғымастығы паш етілген «Елдіктің бастауы» атты бейне фильм көрсетіліп, Тәуелсіздіктің еліміз үшін қаншалықты қымбат құндылық, әрі қастерлі ұғым екенін түйсіндіретін асқақ көңіл-күйде түйінделіп отырды.