Мұхтар Әлиұлы Әлиев
Мұхтар Әлиұлы Әлиев – кеңестік қазақ хирургы, медицина ғылымдарының докторы (1974), профессор (1976), Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі (1989), Қазақстан Республикасы Медицина ғылымдары академиясының президенті және негізін қалаушы (1995), Қазақстанның Халық қаһарманы (1995), халықаралық хирургтар қауымдастығының мүшесі. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 10-12-ші шақырылымының депутаты.
Мұхтар Әлиұлы Әлиев 1933 жылы 2 ақпанда Қызылорда облысы, Жаңа қорған ауданы, Төмен-Арық станциясында дүниеге келген.
- 1950 жылы Түркістан педагогикалық училищесін бітірген.
Еңбек жолын Шымкент облысы Шәуілдір ауданы Темір ауылының жеті жылдық мектебінде мұғалім болып бастаған (1950-51). - 1951-1957 жылдары-Алматы мемлекеттік медицина институтында білім алған.
- 1957-1958 жылдары-Шымкент облысы «Тимур» совхозының учаскелік ауруханасының хирургі және бас дәрігері.
- 1958-1960 жылдары-Алматы мединституты кафедрасының ординаторы.
- 1960-1961 жылдары-Республикалық клиникалық аурухананың хирург-дәрігері.
- 1961-1963 жылдары Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері.
- 1963 жылдан 1969 жылға дейін-Алматы медицина институты кафедрасының аспиранты, ассистенті.
- 1969 жылдан 1976 жылдар аралығында Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының доценті, кафедра меңгерушісі.
- 1976-1980 жылдары Алматы медицина институты кафедрасының меңгерушісі.
- 1980-1982 жылдары – Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас хирургі.
- 1980-1985 жылдары – клиникалық және эксперименттік хирургия ғылыми-зерттеу институтының директоры.
- 1982 жылдан 1987 жылға дейін Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі, 1987 жылдан бастап А.Н. Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының директоры.
- 1998 жылы Халықаралық медицина ғылымдары академиясының (Брюссель, Бельгия) негізін қалап оны тұңғыш президенті болған.
Мұхтар Әлиев Қазақстан медицинасын торакальды, абдоминальды, жүрек-қан тамырлары, эндоскопиялық хирургия, микрохирургия және трансплантация саласында айтарлықтай дамытты. М.Әлиевтің басшылығымен лазердің көмегімен бауыр эхинококкозын хирургиялық емдеудің түбегейлі жаңа әдісі жасалды. М.Әлиев жүректің ишемиялық ауруы кезінде 50-ден астам аортокоронарлық шунттауды жасады. Республикада бірінші рет Әлиев өт қабын, аналық без жылауық, бүйрек үсті безін, өкпені эндоскопиялық жолмен алып тастау операцияларын жасады. М.Әлиевтің бастамасымен республикалық органдарды трансплантациялау орталығы ұйымдастырылды. Өкпенің, өңештің және басқа органдардың созылмалы ауруларын емдеу әдістерін әзірлегені үшін ғалымдар тобымен бірге ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды (1989).
Мұхтар Әлиевтің жетекшілігімен 70 докторлық, 83 кандидаттық диссертация қорғалды. Ол 970 ғылыми еңбектің, оның ішінде 59 монографияның авторы, 155 авторлық куәлігі бар. Хирургия ғылыми орталығының 18 қызметкері Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты атанды.
Еңбектері:
- М. Әлиев – «аралас сәулелі зақымданулар кезіндегі артериялардың пластикасы» кітабының авторы (1979);
- «Диагностикалық және жедел торакоскопия» (1988);
- «Өңештің зақымдануын диагностикалау және емдеу» (1991);
- «Ойық жара хирургиясындағы иммунитет» (1991);
- «Жалпы анестезияның барабарлығы» (1992);
- «Клиникалық микрохирургия» (1994);
- «Хирург анықтамалығы» (1997);
- «Хирургия бойынша нұсқаулық» (1997).
Марапаттар:
- Қазақстанның Халық қаһарманы (1995);
- Отан Ордені (1995);
- Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы;
- Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (екі рет);
- Алматының Құрметті азаматы;
- «Мамандық-өмір» халықаралық сыйлығының лауреаты (2004);
- «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты (2005);
- Абылай ханның Жаратылыстану Ғылымдары Академиясының Алтын медалі (1998);
- «XXI ғасырдың 500 негізін қалаушылар» алтын медалі (Кембридж, Англия, 2001);
- Медаль «1941-1945 жж.Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін»;
- «Еңбек ардагері» медалі (1987);
- «Астана» медалі (1998);
- «XXI ғасырдың 2000 аса көрнекті зиялылары» медалі;
- «Академик В. Вахидов атындағы Республикалық мамандандырылған хирургия орталығына 30 жыл» мерекелік медалі (Өзбекстан, 2005);
- «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісі (2001);
- «Стратегиялық менеджмент үшін» лауреат және алтын медаль (Франция, 2002);
- «Жыл адамы» (2001), «Әлемнің жетекші зияткерлері», «Медицина саласындағы үздік кәсіби жетістіктер», «Әлем азаматы», «Әлем елшісі», «Көрнекті көшбасшы» (2003) атақтары;
- Хирургияның дамуына қосқан зор үлесі үшін құрметті халықаралық диплом дипломанты (2002);
- Балтимор қаласының Құрметті азаматы;
- Кентукки штатының құрметті полковнигі, АҚШ (1988);
- Аудан орталықтарындағы екі көшеге, Жетісай медициналық училищесіне Әлиев есімі берілді;
- Шымкент және Ақтөбе мемлекеттік медицина академияларында Әлиев атындағы шәкіртақы тағайындалған.
Құрмет атақтар:
- Халықаралық хирургтар қауымдастығының мүшесі (1988).
- Н. И. Пирогова атындағы Хирургтар қауымдастығының мүшесі. (1996).
- Нью-Йорк Ғылым академиясының мүшесі (1996).
- ГФР халықаралық медициналық білім беру академиясының құрметті мүшесі (1998).
М. Әлиев 2015 жылы 12 қаңтарда 82 жасында жүрек ауруынан қайтыс болды.