Болашақ ұрпақтың рухани тәрбиесі-білім беру үдерісінің маңызды және ажырамас бөлігі
Болашақ ұрпақтың рухани тәрбиесі-білім беру үдерісінің маңызды және ажырамас бөлігі
Қазақстан-Ресей медициналық университеті «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда «Рухани жаңғыру» жобалық офисімен және Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасымен тығыз байланыста жұмыс жүргізуде. Бағдарламаның мақсатына сәйкес, қоғамдық және рухани сананы жаңғырту бойынша университетте ауқымды жұмыстар атқарылды, «Рухани жаңғыру» кабинеті жұмыс істейді. Профессорлық-оқытушылық құрам, тәрбие жұмысы жөніндегі проректордың және тәрбие және әлеуметтік жұмыс бөлімінің басшылығымен негізгі мазмұны бағдарлама ережесі болып табылатын іс-шаралар өткізіледі. Олардың мазмұны мен маңызы туралы Қазақстан – Ресей медициналық университетінің «Теориялық және клиникалық медицинаның өзекті мәселелері» журналында, «Қазақ тарихы» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының жинағында, сондай-ақ «Қазіргі әлемдегі ғылым мен білім беру: ХХІ ғасырдың шақырулары» атты V Халықаралық ғылыми-практикалық конференция, «Көптілділік-қазақстандық қоғамның бірігуі мен рухани жаңғыруының факторы» атты Халықаралық студенттік ғылыми-практикалық конференция жинақтарында және т. б. жарияланған.
«Қазақ тіліндегі 100 үздік оқулық» жобасы бойынша бағдарлама аясында Университет кітапханасы саны 1042 дана 19 атаулы кітапқа ие болды. Бірінші курс студенттері үшін кітапханада «Білімге қақпа» атты ашық есік апталығы өткізілді. Апта шеңберінде білім алушыларға «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы туралы ақпарат берілді. «Қазақ тіліндегі әлемнің 100 үздік кітабы» және «Рухани жаңғыру – Рухани жаңғыру курсы» атты кітап-иллюстрациялық көрмелер ұйымдастырылды.
«Қазақ этносының ментальді рухани тұтастығы» тақырыбында философия ғылымдарының докторы, профессор, «Философия» оқулығының авторы Серік Қожахметұлы Мырзалы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ph докторанты Нұржан Еркенұлы Құлымжановпен сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, академик Хангелді Махмұтұлы Әбжановпен «Рухани жаңғыру және тәрбие саласының өзекті мәселелері» тақырыбында кездесу өткізілді.
«Қазақ тілін латын графикасына көшіру» арнайы жобасы бойынша Алматы қаласының жоғары оқу орындары арасында «Латын графикасын енгізудің өзектілігі», «Латын көшуге – заман талабы» тақырыбында дөңгелек үстел, Ұлт Көшбасшысы Н. Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласына арналған дөңгелек үстел өткізілді. Шараға ҚазҰУ т.ғ.к., профессор Д.И.Салқынбек қатысып, аталған бағдарламалық мақалада көрсетілген еліміздің көне дәуірден бүгінге дейінгі тарихындағы даңқты тұлғалар мен елеулі оқиғалар, әлемдік өркениет дамуына қосқан олардың үлесі жайында ойларымен бөлісті.
Жастар жылына арналып «Тарихи сана және жастар» тақырыбында республикалық студенттік ғылыми-тәжірибелік конференция және студенттер мен жас ғалымдардың «Рухани жаңғыру және жастар тәрбиесі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы және т. б. өткізілді.
Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Жылдың үздік ғылыми жобасы» республикалық байқауында жалпы медицина факультетінің І курс студенті Розахунова Диляра (жетекшісі – тіл пәндері кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Тоқтыманова Г.М.) І дәрежелі дипломмен марапатталды.
«Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» арнайы жобасының жеңімпазы №4 Қалалық клиникалық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі Смагулов Әлібек Мұхамеджанұлымен 1 курс студенттерінің кездесуі өтті.
«Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында Қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткерлері Құлахмет пен Сұлтанахмет Қожықовтардың шығармашылығына арналған кеш өтті. Кешке суретшінің қызы Сәуле Құлахметқызы шақырылды. Қатысушылардың назарына өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы фильмнің тұсаукесері ұсынылды. М. Мақатаевтың қызы Шолпан Мақатаевамен «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін!», Ә.Тәжібаевтың 115 жылдығына арналған «Кешеден-бүгінге» атты шығармашылық кештері ұйымдастырылды. Алғыс күніне арналып ұйымдастырылған концлагерлердің кәмелетке толмаған тұтқындарымен «Әлі де ауыр…» атты кешіне фашизмнің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары Алматы қалалық ұйымының мүшелері Дзвоник Л.Л., Яншина Н.В., Кузьмина З.Д., Медведева В.И, ұйым төрағасы Артемьев В.М. шақырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – ұрпақтардың тарихи сабақтастығын сақтау, жастарды өткенге құрметпен қарауға тәрбиелеу, толеранттылық, достыққа, сондай-ақ этносаралық және ұлтаралық ой-пікірлерді нығайту.
Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Жүрегімнің түбіне терең бойла…» атты әдеби – танымдық кеш ұйымдастырылды.
«Рухани жаңғыру – ұлттық бірегейліктің түғыры» тақырыбымен Дебат клубының ұйымдастыруымен қалалық турнир, қазақ лигасы КТК (КВН) факультетаралық ойыны өткізілді.
Волонтерлік топтар қарт адамдардың құқықтарын қорғауға, олардың қоғамдағы рөлін насихаттауға бағытталған жұмыстарды жүргізеді, қарт адамдар мен жетімдерге көңіл бөлу және қамқорлық жасау мақсатында Қарттар үйлері мен Балалар үйлеріне бару жұмыстарын ұдайы ұйымдастырады.
«Ақпарат толқыны» бағдарламасы бойынша университетте бағдарламаны жүзеге асыруға арналған барлық іс-шаралары ЖОО-ның ресми сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланады.
Тәрбие және әлеуметтік жұмыс бөлімі